Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 30 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныс иелерін қуанышымен құттықтады.
Шымкенттік тұрғын Ұлжан Досаева он жылдан бері баспанаға қол жеткізуді армандаған. Қуанышқа кенелген ана бүгін Тұран-2 ауданында орналасқан үш бөлмелі пәтерге қоныстанды.
ҰЛЖАН ДОСАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Осы сәтті күткенімізге 10 жылдан асып жатыр. Толық емес отбасы бағдарламасымен алып жатырмыз. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрдым, екі қызым бір ұлым бар.»
Қазіргі таңда шаһарда тұрғын үй кезегінде 92 мың азамат тіркелген. Оның 36 мыңға жуығы әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындар. Жаңа қоныс иелері Асар-2, Бозарық және Тұран шағын аудандарына орналастырылды. Тұрғын үйлер жалдамалы негізде беріліп, сатып алу құқығы қарастырылған.
КӨПЖАН ТҮЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Шаһарда 92 мың азамат тұрғын үй кезегінде тіркелген. Бүгінгі қуаныш иелері Асар-2, Бозарық, Тұран-2 аудандарынан баспана алды.»
Тұрғын үй беру жұмыстары Шымкентте жүйелі түрде жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы осы санат бойынша 1 500-ге жуық азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлаған. Олардың қатарында жалдамалы пәтерді сатып алу құқығымен алғандар да, ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғындар да бар.