Шымкент қалалық өзбек драма театрында қазақ драматургі Рақымжан Отарбаевтың «Махаббат мұнарасы» пьесасы негізінде сахналанған қойылымның тұсаукесері өтті. Шығармашылық кешке жиналған көрермен қарасы көп болды. Олардың қатарында зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының мамандары, сондай-ақ студент жастар бар.


Көрермендер жаңа қойылымды жоғары қызығушылықпен тамашалап, театр ұжымының еңбегін жоғары бағалады. Адамгершілік пен махаббат тақырыбындағы тартыс көпшіліктің көңіліне жылылық сыйлады. Шығарма заманауи режиссерлік шешіммен сахналанып, мазмұндық тұрғыдан жаңаша интерпретация ұсынды. Спектакльдің көркемдік деңгейінің жоғары болуына актерлік құрамның кәсіби шеберлігі, сахнаның жабдықталуы мен үйлесімділігі ықпал етті.


«Махаббат мұнарасы» пьесасында махаббат, адалдық, әділдік, сатқындық және мансапқорлық сияқты адамгершілік құндылықтар кеңінен қозғалады. Қойылымда кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі мен психологиялық ерекшеліктері жан-жақты ашылып, қоғамдағы моральдық мәселелер көркем түрде бейнеленген.

Тұсаукесер соңында көрермендер театр ұжымына алғыс білдіріп, қойылымға жоғары баға берді. Туынды ұлттық драматургияның дамуына өзіндік үлес қосатын, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдердің бірі. Аталған қойылым алдағы уақытта театр репертуарына енгізіліп, тұрақты түрде көрермен назарына ұсынылады.