Елімдің сегіз өңірінен жиналған жауынгерлер арасында армиялық жекпе-жек ұрысынан республикалық жарыс өтті. Аталған дода Шымкент қаласындағы «Кешенді жоғары спорт шеберлігі» мектебінің аумағында ұйымдастырылды.
Беделді додаға еліміздің әр өңірінде орналасқан әскери бөлімдерінен 8 команда, жалпы саны 89 әскери қызметші қатысты. Спортшылар 8 салмақ дәрежесінде өзара бақ сынады.
НҰРДӘУЛЕТ ЕРЖІГІТОВ, ДЕНЕ ДАЯРЛЫҒЫ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ
Осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан 36814 әскери бөлімінің басшылығы мен жеке құрамына алғыс білдіреміз. Бұл дода тек үздіктерді анықтауға ғана емес, әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бірлікті арттыруға бағытталған
Жарысқа қатысушылар қатарында қоян-қолтық ұрыс, панкратион, аралас жекпе-жек түрлерінен спорт шеберлері, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері болуы сайыстың жоғары деңгейде өткенін көрсетті. Жарыс барысында 22750 әскери бөлімінің жауынгері, майор Саян Карибаев 80 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, жеңімпаз атанды.
САЯН КӘРІБАЕВ, САЙЫС ЖЕҢІМПАЗЫ
Бұл жарысқа жеті жылдан кейін қайта қатысып отырмын. Қарсыластарым өте мықты болды, әсіресе менің салмағымда бірнеше спорт шеберлері өнер көрсетті. Осы жеңіс мен үшін үлкен жетістік. Жаттықтырушыма көрсеткен дайындығы үшін алғысымды білдіремін
Іс-шараның басты мақсаты – әскери қызметшілердің дене даярлығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ бөлімшелер арасындағы өзара ынтымақтастық пен командалық рухты нығайту болды.