Түркістанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Шара аясындағы «Мөлдір бұлақ» бастамасы қала аумағында және Сауран ауданында өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, су көздерінің тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған шараға қаланың дербес бөлімдері, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары мен мекемелері қатысты. Бұл шараға 6 сектордан құралған жұмыс топтары қатысып, жалпы саны 300-ге жуық адам жұмылдырылды. Акция аясында өзен жағалауын санитарлық тазарту, тұрмыстық қалдықтарды жинау, қоқыстарды арнайы орындарға шығару және аумақты абаттандыру жұмыстары кешенді түрде жүргізілді.
Ал саурандықтар «Таза жағалау» акциясына атсалысты. Экологиялық шара Оранғай ауылдық округінің аумағындағы Қарашық өзені бойында өткізілді. Экологиялық акцияға ауыл тұрғындары, жастар, мекеме қызметкерлері мен еріктілер белсенді түрде қатысып, жалпы саны 700-ге жуық адам жұмылдырылды.
Іс-шара барысында 5 арнайы техника тартылып, өзен жағалауын тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Акция нәтижесінде Қарашық өзені бойындағы аумақтан 4,5 тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Жиналған қоқыс арнайы орындарға жеткізіліп, тиісті талаптарға сәйкес шығарылды.