Мегаполисте көркем гимнастикадан жастар арасында Қазақстан Республикасының кубогы өтуде. Қаладағы «Көркем гимнастика спорт кешенінде» 300-ден астам спортшы бақ сынауда. Жастар арасындағы жарысты тілшіміз әңгімелейді.


Ас белі қайысқан, тал шыбықтай майысқан бұл бұрымдылар – өз аймақтарының саңлақтары. Олар төрт күн бойы кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайды. Чемпионатта оза шапқандар Азия және әлемдік жарыстарға іріктеледі.


 ӘЛИЯ ЮСУПОВА, ГИМНАСТИКАДАН ҚР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Осы жарыста үлкен қыздарымыз қатыспайды. Себебі олар Әлем кубогында жарысып жатыр. Осы жарыстан кейін біздің қызымыз Дияна Сәрсенбаева Әлем кубогына барады. Сонымен қатар Дария Көшербаева қызымыз да Әлем кубогына қатысады.


Биылғы жарысқа тиянақты дайындық жұмыстары жүргізілді, – дейді федерация президенті. Чемпионатта 2014 жылы туған және одан жоғары жастағы спортшылар жарысуда. Қазақстанның барлық облыстарынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан командалар келген.


АЙЖҰЛДЫЗ ҚАЙЫРБЕК, СПОРТШЫ
Мен көркем гимнастикамен айналысып жүргеніме 6 жыл болды. Мен Қазақстанды әлемге танытқым келеді. Көркем гимнастикада Ақмарал Ергешова сияқты танымал болғым келеді.


Жарыстың бас төрешісі – халықаралық дәрежедегі төреші Екатерина Николаевна Есикова. Бүгінде қалалық көркем гимнастика спорт мектебінде 38 жаттықтырушы-хореографтан тұратын құрам 400-ден астам балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Шымкенттік спортшылар бұл чемпионатта жоғары деңгейде өнер көрсетуде.