«Ұлы тұлғалар өнегесі – ұрпаққа рухани жол». Түркістанда осындай атаумен қалалық танымдық-шығармашылық байқау өтті. Іс-шара Түркістан қалалық әкімдігі мен қалалық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өтіп, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, рухани-адамгершілік қасиеттерді дәріптеу мақсатында өткізілді. Байқау медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, көрнекті ғалым Сайлаубек Шалқаровтың 80 жылдық мерейтойына арналды.


Ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан зор үлесі, тәрбиелеген шәкірттері мен халықаралық деңгейдегі еңбектері іс-шара барысында кеңінен насихатталды. Өз кезегінде ғалым жиналған қауымға жүрекжарды алғысын білдіріп, жастарға тағылымды ой-пікірлерін жеткізді.


Байқауға қаладағы мектептер мен колледждерден құралған командалар қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар екі кезең бойынша өнер көрсетті. «Рухани кемелдік жолы» кезеңінде қатысушылар Абай Құнанбайұлының қара сөздерін шығармашылық тұрғыда сахналады. Ал «Ұлттық парасат айнасы» кезеңінде қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын насихаттайтын сахналық қойылымдар ұсынды.


Қазылар алқасының құрамында білікті мамандар мен ғалымдар болды. Олар қатысушылардың өнерін әділ бағалап, үздіктерді анықтады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Бұл байқау жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени шара ретінде жоғары деңгейде өтті.