5 жылда 500 жүлде. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің шәкірттері республикалық және халықаралық сайыстарда осындай жүлде алған. Білім ұясының 5 жылдығына арналған салтанатты шараға арна тілшісі Кенжехан Дүйсенбі қатысты.
Күміс көмей дәстүрлі әншілер, талантты айтыскер ақындар, домбыраны сөйлеткен күйшілер – ұлттық өнерді меңгерген талантты шәкірттер Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде. Мерейтойға келген қонақтар алғыр оқушылардың өнеріне тәнті болды. Қаратау мектебі – оңтүстік өнерпаздарының қара шаңырағы, өңірдің бренді.
БАҚТИЯР ТАЙЖАН, ЖУРНАЛИСТ
Қызылорданың мақамы бар ешкімге ұқсамайды. Батыстың ән күйі бар мәселен. Жетісу, арқаның өз мектебі бар. Оңтүстікте бір Сүгірдің өзі неге тұрады. Сонша өнерпаздар боп тұрып бізде осы мектеп жоқ еді. Біржан осы мектепті ашуға атсалысты. Қазір оңтүстіктің өз мектебі қалыптасып келе жатыр.
Қаратау мектебі дәстүрлі өнерді насихаттайтын еліміздегі бірден-бір өнер ордасы. 5 жылда өнер ұясы аяғынан нық тұрды. Осы жылдар аралығында ауыз толтырып айтар жетістіктері де жетерлік.
БІРЖАН БАЙТУОВ, ҚАРАТАУ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бес жылдың ішінде кеше санап отырсақ, 500-ден астам шәкірт республикалық және халықаралық бәйгелердің жеңімпазы атанды. Мұның артында ұстаздарымыздың еңбегі жатыр. Біздің мектеп 5 жылдыққа үлкен жетістікпен жетіп отыр.
Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің 80-ге жуық ұстазы 800-дей шәкірт тәрбиелеп келеді. Ашылғалы бері мектептің бастаған жобалары бүкіл елге танылып отыр. «Күміс домбыра», «Күміс көмей», «Күміс қалам» секілді жастар арасындағы өнер сайыстары қазақ жастарына шабыт сыйлайтын үлкен жобаларға айналған. Одан бөлек, ай сайын «Жеребенің жүйрігі» атты жас ақындар айтысы өтеді.