Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы тасымалдаушы компанияларға 35 заманауи автобустың кілтін табыстады. Нақтырақ айтқанда, «Жолаушы» компаниясының автопаркі 12 автобуспен, ал «ТехПрофАвто» компаниясы 23 автобуспен толықты. Сонымен қатар, адал еңбегі, жоғары жауапкершілігі және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін көлік саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азамат алғыс хаттармен марапатталды.
Жаңа қоғамдық көліктер бейнебақылау камераларымен, желдеткіш жүйесімен және электронды билеттеу жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы пандустар қарастырылған.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қоғамдық көлік – қала тынысының күретамыры. Таңнан кешке дейін мыңдаған тұрғынды межелі жеріне жеткізіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз.
Қазіргі таңда қала тұрғындарына 21 бағыт бойынша 204 қоғамдық көлік қызмет көрсетуде. Бұл саланың дамуына 300-ге жуық маман үлес қосып отыр. Өткен жылы қалада 27,6 миллион жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланған. Тасымалдау қызметін «Жолаушы» және «ТехПрофАвто» компаниялары жүзеге асыруда.
Өткен жылы Түркістанға 1 миллион 200 мың турист пен қонақ келген. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында 450 мың адам саяхаттаған. Сондықтан қала өзінің ерекше мәртебесіне сай болуы үшін қоғамдық көлік жүйесі де заман талабына жауап беруі тиіс. Осыған орай, жергілікті әкімдік пен тасымалдаушы компаниялардың бірлескен жұмысы нәтижесінде жыл соңына дейін қалалық автопарк тағы да жаңартылады.