Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті ауқымды сенбілік өтті. Еңбекші ауданындағы Бадам су қоймасы маңында кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.


Аудан әкімдігі, Жастар саясаты басқармасының өкілдері мен еріктілер белсенділік танытып, табиғи аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Осылайша, олар экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосты. Мұндай акциялар жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Шымкент қаласында магистральды көшелерді кешенді тазалау жұмыстары жалғасуда. Іс-шаралар санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және қаланың көркін арттыру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бұл жұмыстарды бес ауданға қарасты мердігер мекемелермен бірлесіп жүргізуде. Тазалық жұмыстары негізгі магистральды көшелерде, жол жиектерінде, көгалды аймақтарда және айналма жолдарда атқарылуда. Саябақтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар да назардан тыс қалмайды. Жалпы, тазалық, шөп ору және ағаштарды санитарлық қырқу жұмыстарына 2 мыңға жуық қызметкер мен 250-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп, қаланың барлық аумағын қамтиды. Алдағы уақытта да бұл шаралар тұрақты жалғасып, мегаполистің көшелері мен саябақтарын таза әрі жайлы ортаға айналдыруға бағытталады.