Бүгін Әл-Фараби кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке арналған конференция ұйымдастырылды. Шараның өтуіне Шымкент қалалық мәдениет басқармасы мұрындық болды. Тағылымды жиынға зиялы қауым өкілдері қатысып, қайраткердің ел руханиятына сіңірген еңбегін еске алды.
Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық құндылықтарды жаңғырту ісіне бар ғұмырын арнаған тұлға. Оның табанды бастамаларының арқасында халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері қайта түлеп, Наурыз мейрамы жаңаша мазмұнда жаңғырды. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бірқатар сәулет ескерткіштері қалпына келтірілді. Жиын барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері қайраткердің терең парасаты мен ұлтжандылығын айрықша атап өтіп, ел дамуына қосқан үлесіне тоқталды.
АЙҒАНЫМ СЕРІМ, Ө. ЖӘНІБЕКОВТІҢ НЕМЕРЕ ҚАРЫНДАСЫ
Өзбекәлі Жәнібеков – менің немере ағам. Әкеммен бірге туған. Оның халыққа жасаған қызметі ұлықталып жатыр. Қазақ елі ағамның жасаған ісіне оң бағасын береді. Мен де егер біреу келіп көмек сұрап, Өзбекәлі ағамыз жайлы дүние жазғысы келсе, еш ойланбастан көмектесіп келемін.
Тағылымды басқосу ұлттық құндылықтарды ұлықтап, рухани сабақтастықты нығайтты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – тағылымы терең тұлғаның өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етіп, ұлттық тарих пен мәдениетті құрметтеуге үндеу.
АНАР ЖАППАРҚҰЛОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Саналы ғұмырын ел дамуына арнаған тұлғаның еңбегі ерен. Республиканың түкпір-түкпірінде ұлы қайраткердің қолтаңбасы қалды. Этнографтың 95 жылдығына орай қалада түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі жиынға келгендер Өзбекәлі Жәнібековтің өмірінен сыр шертіп, құнды ақпарат айтты.
Шара аясында қайраткердің өмірі мен қызметінен сыр шертетін құнды құжаттар көпшілік назарына ұсынылды. Ғылыми конференцияға қатысушылар этнографтың ел руханиятына сіңірген еңбегімен тереңірек танысты.