Шымкентте полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев қала тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Ашық диалог форматында ұйымдастырылған жиынға 500 адамға жуық қатысып, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында ішкі істер органдарының атқарған жұмыстары туралы ақпарат беріліп, құқық қорғау қызметінің негізгі бағыттары түсіндірілді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіпті сақтау, дүкендер мен ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын реттеу мәселелері де қаралды. Тұрғындар аулалар мен тұрғын алаптарда бейнебақылау камераларының санын арттыру және учаскелік инспекторлар штатын кеңейту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Қатысушыларға заңнамадағы жаңашылдықтар, оның ішінде сталкинг, некеге мәжбүрлеу және дропперлік үшін жауапкершілік түсіндірілді. Басым бағыттардың бірі ретінде қоғамдық тәртіпке қол сұғатын құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидаты атап өтілді. Жиында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және жеке деректердің қауіпсіздігі мәселелері де қаралды. Мұхтар Қожаев тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.