Шымкентте «Заң және тәртіп» жобасы аясында прокуратура саласының ардагері Берген Ержаппар оқушыларға құқықтық мәдениет сабағын өткізді. №65 мектептің шәкірттері конституциялық өзгерістер мен жаңа заңдарды жан-жақты талқылады. Сабақтың басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.


Сабақ барысы / Ашық форматтағы кездесуде тәжірибелі маман оқушылармен бірнеше өзекті мәселені талқылады: сталкинг, қыз алып қашу, есірткі қылмыстары, сондай-ақ интернет-алаяқтық. Берген Ержаппар құқық бұзушылықтардың салдарын түсіндіріп, жастардың қылмысқа тартылмауы және алаяқтардың құрбанына айналмау жолдарын көрсетті.


БЕРГЕН ЕРЖАППАР, ПРОКУРАТУРА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Өзара қарым-қатынас кезінде сыпайылық пен адами қасиетті қалыптастыру маңызды. Бұл тұлғалық қасиеттер біздің Қазақстанның дамуына ықпал етеді деп сенемін.


Құқықтық мәдениет сабағында оқушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мысалы, түнгі мезгілде көшеде жүру, жасанды интеллект арқылы ар-намысқа қатысты құқықтарын қорғау сияқты мәселелер қаралды. Мұндай сабақтар оқушылар арасында зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.


ХАНСҰЛТАН ЕРЖАҚЫН, ОҚУШЫ
10-нан кейін көшеде жүру жайлы сұрақ қойдым. Жауап өте ұнады. Құқықтарымызды білуді үйрендік.


МӘДИНА НҰРҒАЛИ, ОҚУШЫ
Сабақ қызықты өтті. Ішімде мазалаған сұрақтарымды қойып, маңызды ақпарат алдым.


Тәлімгерлер құзырлы органдарда жұмыс істеген білікті мамандар. Олар арнайы сертификат алған және кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқыққа қарсы мінез қалыптастыру сабақтарын жүргізеді.


БАҒЛАН ҮМБЕТБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
ҚР Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес «Заң және тәртіп» жобасы республиканың барлық өңіріне енгізілуде. Шымкентте 61 білім беру ұйымында, оның ішінде 58 мектеп пен 3 колледжде пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.


Танымдық сабақтар қаладағы 61 мектепте өткізіледі. 7–10 сынып оқушылары қамтылып, әр сыныпқа бір сабақ жүргізіледі. Жалпы қала бойынша үш жарым мың бала қатысуы жоспарланған.