Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласы маңындағы экопарк салынуы жоспарланған аумаққа барып, жауаптылармен бірге жобаны талқылады.


Биыл Түркістан қаласында 50 гектар аумаққа экопарк құру жоспарланып отыр. Жаңа саябақ «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты аумақтан салынбақ. Экопаркте 10 000-ға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаш түрлеріне басымдық беріледі. Қазіргі таңда экопарк аумағында тазалық, көгалдандыру және демалушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға дайындық жүргізілуде. Жұмысты орындауға 150 адам жұмылдырылып, 10 бірлік техника қолданылған. Нұралхан Көшеров жұмыстың сапасын қадағалаудан кейін халықаралық әуежайға апаратын жол бойындағы көгалдандыру жұмыстарын тексерді. Түркістан облысында көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.