Түркістандық полицейлер мемлекеттік тіркеу нөмірін әдейі өзгертіп көлік басқарған жүргізушілерді дер кезінде анықтап, заң аясында шара қолданды. Жедел әрекеттердің арқасында ықтимал қауіптің алдын алып, жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.


Polisia.kz хабарлауынша, жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы Ақсукент ауылы көшелерінің бірінде құм таситын Shacman ауыр жүк көлігінің жүргізушісі алдыңғы мемлекеттік нөмірінсіз басқарғаны анықталды. Сонымен қатар, Қарамұрт ауылында Howo ауыр жүк көлігінің жүргізушісі алдыңғы мемлекеттік нөмірін өзгертіп, қолдан жасап алғанын пайдаланған. Бейнебақылау камералары арқылы тіркелген бұл деректер бойынша құқық бұзушыларға заңды шара қолданылды, материалдар сотқа жолданды. Howo жүк көлігін тексеру барысында жүргізушінің көліктің алдыңғы нөміріне қолдан жасалған темір «4» санын орнатып, мемлекеттік нөмірді қажет кезінде қасақана өзгертіп отыратыны анықталды. Аталған дерек бойынша жүргізуші жауапкершілікке тартылып, құқық бұзушылық жолы кесілді.