Интернет-алаяқтықтың алдын алу және жолын кесуге бағытталған «Антифрод» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Іс-шара барысында киберполиция қызметкерлері Шымкент қаласының тұрғындарына бағытталған 18 000 алаяқтық қоңыраудың жолын кесті.
«Антифрод» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 ақпаннан бері жүргізіліп келеді. Осы аралықта интернет-алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталып, бір ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар, 2 хакердің заңсыз әрекетінің жолы кесілді. Бұдан бөлек, SIM-карталарды заңсыз белсендірумен айналысқан 5 адам ұсталып, олардан 3000-нан астам SIM-карта мен 18 ұялы телефон тәркіленді.
АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Киберқылмыс жасағаны үшін 37 тұлға жауапкершілікке тартылып, тағы 27 азамат профилактикалық есепке алынды. «Антифрод» жүйесі арқылы 15,5 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталып, 18 мыңнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді. Сондай-ақ қылмыстық мақсатта пайдаланылған 337 интернет-ресурс бұғатталды. Аталған жұмыстар «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жүйелі әрі кешенді түрде жүргізілуде. Негізгі мақсат — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаржылық шығындардың алдын алу.