Танысамын деп, қалтаңыздағы қаражатыңыздан қағылып қалмаңыз. Қазір әлеуметтік желі арқылы сенімге кіріп, жылы сөз жаудырып, қарызға батырып кететін алаяқтардың қатары артқан. Сан соғып қалғанын байқамайтындардың басым бөлігін кәмелетке толмаған қыздар құрайды. Мәселенің жай-жапсарын әріптесім Аружан Самидин тарқатады.


Threads қосымшасын аша қалсаңыз, «жар іздеймін» деп жазба қалдырған жандардың санынан көз сүрінеді. Бірақ дәл осы жерде мыңдаған адам виртуалды махаббаттың шырмауына түсіп жатқанын аңғармайды. Онлайн таныстыққа сенгендер кейін қалтасындағы қаржысын қалай бергенін білмей қалады. Threads арқылы танысқандардың қатарында шымкенттік тұрғын да бар. Жылы сөзге алданған бойжеткен 100 мың теңгесін жігіттің шотына еш ойланбастан аударып жіберген.


 АТЫ-ЖӨНІ ЖАСЫРЫН
Threads арқылы бір жігітпен таныстым. Басында бәрі жақсы болды: кездестік, мейрамханаға бардық, гүл сыйлады. Екі аптадан кейін қаржылай қиындыққа тап болғанын айтып, ақша сұрады. Қайтарып беремін деді. Алдымен 80 мың теңге, кейін тағы аудардым. Содан кейін хабарласпай кетті. Жазсам – жауап жоқ, қоңырау бармайды. Нөмірін тексерсем, басқа адамның атына тіркелген екен. Сол кезде ғана алданып қалғанымды түсіндім.


Зерттеу барысында күмән тудырған платформалардың біріне біз де кіріп көрдік. Аталған Telegram-арнада жас шектеуі қарастырылмаған. Тіркелу кезінде пайдаланушылардан жеке деректер мен фотосурет жүктеу талап етіледі. Тіпті геолокация арқылы жақын маңдағы адамдардың тізімі ұсынылады.


Желі арқылы танысып, сан соғып қалғандардың қатары мұнымен толастамай тұр. Жақында тағы бір жайт тіркелді. Танысу қосымшасында өзін «Нұрай» деп таныстырған жігіт жалған парақша ашып, жәбірленушінің 4 миллион теңгеге жуық қаражатын иемденген. Ал өткен жылы осындай тәсілмен 92 миллион теңге жымқырылғаны туралы дерек тараған.

Алаяқтар көбіне өзін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, белсенді хат алмасу арқылы сенімге кіреді. Кейін әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды онлайн танысу кезінде сақ болуға және күмәнді жағдайларда полицияға жүгінуге шақырады.


 Мамандардың айтуынша, алаяқтар адамның сеніміне кіру үшін жалған парақша жасап, жылы сөздер арқылы арбауға тырысады. Әсіресе эмоциялық қолдауды қажет ететін жастар тәуекелге жиі барады.


БАХЫТ ОМАРОВА, ПСИХОЛОГ
Көбінесе мұндай жағдайға ата-анасынан жеткілікті жылу көрмеген қыздар тап болады. Алаяқтар сол әлсіз тұсты пайдаланады.


Дегенмен, онлайн танысып, шаңырақ көтеріп, бақытты өмір сүріп жатқан жандар да бар. Біз бұл мәселе бойынша жастардың пікірін тыңдап көрдік.


 Менің құрбым да осындай жағдайға тап болды. Желі арқылы танысқан жігіт кейін оны қарызға батырды. Мен де бір рет танысқанмын. Бір аптадан кейін ақша сұрады. Күдіктеніп, бірден бұғаттап тастадым.


Онлайн алаяқтықтың негізгі тәсілдері: – Шетелде жүрмін деп, қаржылай көмек сұрайды; – Ақша жібермесеңіз, қорқытады; – Өзін де алдап кеткенін айтып, көмек сұрайды; – Ауруханаға түстім деп, шұғыл ақша талап етеді; – Жол шығынына қаржы аударуды өтінеді; – Жеке құжаттарды сұратады.


Мамандар бейтаныс адамға ақша аудармауға және жеке деректерді бөліспеуге кеңес береді. Сақтық – басты қорғаныс.