Шымкентте жыл басынан бері жоғары оқу орнын бітірген 150 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасты. Олардың дені білім, туризм және ауыл шаруашылығы салаларына еңбекке тартылып жатыр. Биыл аталмыш бағдарлама аясында мың жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Тақырыпты мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан жас маманмен жүздесіп қайтқан тілші тарқатады.
Аружан Әлжанова былтыр ғана университет бітірген. Фармацевт болуды армандаған ол бүгінде туған қаласы Шымкентте жұмыс істеп жүр. Жас маманның айтуынша, фармацевт әрбір дәрі-дәрмектің құрамы мен дозасына ерекше мән береді, себебі оның артында адам денсаулығы тұр.
АРУЖАН ӘЛЖАНОВА, ЖАС МАМАН
Бір жылдың ішінде біз көптеген тәжірибе жинап, білім алдық. Университетте алған білімімізді тәжірибемен ұштастырып, толыққанды маман болып қалыптасуымызға «Жастар практикасы» үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Былтыр Аружан сияқты мыңнан астам жас маман жұмыспен қамтылды. Барлығы бір жыл бойы өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Тәжірибе жинап, кейін тұрақты жұмысқа орналасып жатқандары да бар.
АЙНҰР ӨТЕГЕНОВА, ФАРМАЦЕВТ
Қазір мемлекет жастарға көп мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағдарлама арқылы көптеген жас маман жұмысқа орналасуда. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға оң әсерін тигізіп отыр.
«Жастар практикасы» бағдарламасына 35 жасқа дейінгі, еңбек өтілі жоқ жастар қатыса алады. Осы бағдарлама арқылы олар өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинап, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
БАҒДАТ АРҚАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ «ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ
35 жасқа дейінгі, соңғы бес жылда жұмыс істемеген жастар бағдарламаға қатыса алады. Бұл – өте жақсы мүмкіндік. 2025 жылы 1800 жасты «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа жолдадық.
Шымкент қаласындағы Еңбек мобильділігі орталығы биыл 32 мың азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Оның 11 мыңы тұрақты, 5 мыңы уақытша жұмыс орындары. Ал «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы мың жас маман еңбекке тартылмақ.