Тәртіп сақшыларының айтуынша, биыл мегаполисте 634 алаяқтық фактісі тіркелген. Оның басым бөлігі интернет арқылы жасалған. Ең көп таралған түрі – банк немесе құқық қорғау органдарының атын жамылып алдау. Биыл осындай 91 дерек тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 300 миллион теңгеден асқан. Тақырыпты Қанат Жолдасбек зерттеп көрді.


Алаяқтар Темур Пактың WhatsApp аккаунтын бұзып, таныстарынан ақша сұраған. Жалған банк картасының деректерін жіберіп, қаржы аударуды өтінген. Таныс нөмірден келген хабарламаға сенген достары күдіктенбей көмек көрсеткен.


– «Каспимен жібердім дейді, реквезит жіберген соң. Сосын тағы екінші рет сұрады дейді.» «Басқа адамнан сұрап жалынып отырмай, сенен алайын деп едім. Менде бәрі наличка, картаға салған соң бәрін аударып жіберемін. Ренжіме сенен басқа адамым жоқ деген.»


Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін оның телефон тізімінде 3 мыңға жуық нөмір бар. Алаяқ олардың барлығына дерлік хабарлама жолдаған. Таңертең басталған жағдайды Темур тек түстен кейін бір-ақ байқаған. Дереу банк картасын бұғаттап, WhatsApp аккаунтын өшірген. Дегенмен, осы уақыт аралығында алаяқ 10-нан астам адамнан ақша алып үлгерген.


ТЕМУР ПАК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Біреуге менің атымнан «балам күйіп қалды» деп жазған. Меніңше, балаларым күмәнді сілтемені ашып қойған болуы мүмкін.


 Темурдың сөзін мамандар да растайды. Алаяқтар көбіне күмәнді сілтемелерді таратады. Оны ашқан жағдайда, олар сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңызға қол жеткізуі мүмкін.


 МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Баптаулар бөлімінде «Байланыстырылған құрылғылар» деген бөлім бар. Сол жерден аккаунтқа қосылған құрылғыларды тексеруге болады. Бейтаныс құрылғы анықталса, оны бірден өшіру қажет.


 Тағы бір қауіпті тәсіл – алаяқтардың өздерін банк қызметкері немесе полиция ретінде таныстырып, бейнеқоңырау арқылы сөйлесуі. Осы кезде олар азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады.


МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Осы деректер арқылы «eGov» жүйесінде электронды цифрлық қолтаңба рәсімдеп, несие алуы мүмкін.


Полиция мәліметінше, интернет алаяқтықтың тағы бір түрі – онлайн сауда. OLX, Krisha.kz, Kolesa.kz, TikTok сияқты платформаларда тауар ұсынып, алдын ала төлем сұрайтындар көбейген. Мегаполисте осындай 150 дерек тіркеліп, 25 миллион теңге шығын келтірілген.


МАҚСАТ ШЕГІРБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Шет елден әрекет ететін алаяқтарға көмектескен 5 адам ұсталып, 3 мыңға жуық SIM-карта тәркіленді. Азаматтарды жеке деректерін ешкімге бермеуге және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырамыз.


Кейіпкеріміз полицияға арыз жазған. Алайда әзірге күдіктілер анықталмаған. Себебі алаяқтар көбіне шетелден әрекет етіп, ізін жасырады. Сондықтан мамандар күмәнді сілтемелерді ашпауға, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді.