Білікті маманды көріп, мамандық таңдайсың. Мектеп түлектеріне оқу орнына барып, болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік бар. «Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінде» талапкерлер мен мектеп оқушыларына арналған дәстүрлі ашық есік күні ұйымдастырылды.


 Колледждің өндірістік оқыту шеберлері түрлі бағыттар бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. «Аспаз ісі», «Кондитер ісі», «Наубайхана ісі» және «Мейрамхана сервисі» бағыттарының әліппесімен таныстырды. Оқушылар мамандықтың қыр-сырын ұғынды. Сонымен қатар сұрақ-жауап алаңы құрылып, талапкерлерге кәсіби кеңес берілді.


ЖАНЕРКЕ МҰҚТАР, ОҚУШЫ
Банандар мен жеміс-жидектерді карамельдегенін көрдік. Көкөністерді арнайы мүсіндеп кескенін көрдік. Өте жақсы әсер алдық. Бұл жерде кондитер, повар, наубайшы мамандықтары бар екен. Түрлі мамандықтар қоғамға өте қажет.


 Шараның басты мақсаты – болашақ талапкерлерге оқу орнының тыныс-тіршілігін таныстырып, мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беру. Ашық есік күніне мегаполистегі 15 мектептің оқушылары арнайы келіп, оқу орнының мүмкіндіктерімен танысты.


ГҮЛБИЯ АШИРОВА, ТАМАҚТАНДЫРУ ИНДУСТРИЯСЫ ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Дәстүрлі түрде сәуір айында 9 және 11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында ашық есік күнін өткіземіз. 4 құзыреттілік бойынша алаңдар ұйымдастырдық. Аспаз, наубайхана, кондитер, мейрамхана ісі бағыттары бойынша өндірістік оқыту шеберлері өз жұмыстарын көрсетіп, мектеп түлектерінің қызығушылығын оятуда.


 Қазіргі таңда колледжде 1220 студент білім алуда. Оларға 70 инженер-педагог тәлім береді. Биыл шамамен 560 түлек оқуын аяқтайды. Түлектердің 86 пайызы жұмыспен қамтылады. Қалғандары жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жалғастырады. Оқу орнында дуалды оқыту жүйесі 100 пайыз енгізілген. Бұл студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.