Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде ауқымды халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе ұйымдастырылған жиын туризм саласындағы жаңа трендтер мен цифрлық технологиялардың рөлін талқылауға арналды.
«Заманауи туристік индустрия: жаһандық өзгерістер, тұрақтылық және цифрлық болашақ» тақырыбындағы басқосуға отандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Кездесу барысында туризмді тұрақты дамыту және салаға инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері кеңінен түсіндірілді. Жиынға қатысушылар туристік нысандардың тартымдылығын арттырудағы цифрландырудың маңызы зор екенін атап өтті. Жиын аясында Ассамблея өкілдері мен ғалымдар этнотуризмді дамыту мен мәдени мұраны сақтау бағытында өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ конференцияда студенттердің ғылыми жобалары таныстырылып, үздік идеяларға қолдау көрсетілді. Бұл шара еліміздің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттауға жол ашпақ.