Ата заң елімізде адам капиталын, білім мен ғылымды және инновацияны мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық бағыты ретінде айқындайды. Жаңа заң тек жоғарыда ғана емес, бүкіл халық арасында кеңінен талқыланып, үлкен қолдауға ие болды. Құжаттың маңыздылығын тұрғындар да терең түсінуде. Мегаполистегі спорт саласының қызметкерлері бас қосып, жаңа Конституцияны талқылады.


 Кездесу барысында еліміздегі саяси жаңғыру үдерістері мен Конституциялық өзгерістердің қоғам дамуына қосатын үлесі кеңінен түсіндірілді. Жаңа Конституция – елдің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын темірқазық, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыратын негізгі құжат. Жиынға қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті.


ҰЛЫҚБЕК ӘЛМЕТОВ, №12 СПОРТ МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Он бесінші наурызда жаңа заңды бәріміз қолдадық. Жаңа Конституция жаңа Қазақстанның дамуына серпін береді. Адам құқықтары қорғалып, тұрмысымыз жақсарады.


Жиын барысында Конституцияның ел болашағын айқындайтын негізгі құқықтық құжат екені ерекше аталды. Сонымен қатар, жаңа Парламенттің өкілеттіктері де кеңінен сөз болды. Заң шығарушы орган 145 депутаттан тұрады. Олар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы 5 жыл мерзімге сайланады. Ата заңдағы өзгерістерді спорт саласының өкілдері бір ауыздан қолдап отыр.


ИНДИРА КӘЛІБЕКОВА, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ
Жаңа Конституциядан күтеріміз көп. Азаматтардың референдумға белсенді қатысқаны қуантады.


Жаңа Конституцияны қабылдау – уақыт талабы. Құжат қоғам сұранысына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына толық сәйкес келеді. «Күшті қоғам – Әділетті мемлекет» қағидаты аясында Парламенттің рөлі күшейіп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі дамып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары нақты қорғалмақ.