Жасанды интеллект көмегімен дайындалған «Түркістан сақшылары» атты анимациялық мультфильм көрермен назарына ұсынылды. Бұл жоба – елімізде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ауқымды бастамалардың жарқын көрінісі.


Түркістан телеарнасы әзірлеген жаңа туындынының мазмұны туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, тарихи-мәдени мұраға құрмет сезімін қалыптастыру және патриоттық тәрбиені күшейту көзделген. Мультфильм сюжеті арқылы жас көрермендерге тазалық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және жауапкершілік қағидаттары түсіндіріледі.


Үлкен экран арқылы көрерменге жол тартқан туындының басты мақсаты – ұлттық мазмұнды заманауи форматта ұсыну, сондай-ақ отандық анимация өнерінің дамуына тың серпін беру. Осы орайда мультфильмде Түркістан өңірінің бай тарихы, терең мәдениеті мен рухани мұрасы жаңа көзқараспен қайта жаңғырған.


Шара барысында мультфильмнің тизері көрсетіліп, кейін толық нұсқасы көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар балаларға арналған интерактив ойындар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, мультфильм кейіпкерлері бейнесіндегі аниматорлар балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады.


Айта кетейік, бұл жоба Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып отыр. Анимациялық туындыда заманауи технологиялардың мүмкіндіктері қолданылып, балаларға арналған мазмұн жаңа форматта ұсынылған.