Мегаполисте «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған жиындар жалғасуда. Енді қаладағы бизнес нысандарында орнатылған бейнебақылау камераларын полицияның ортақ жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Осы мақсатта құзырлы орган өкілдері кәсіпкерлермен кездесті.
Қалада жалпы 198 мың бейнебақылау құрылғысы бар. Оның 44 мыңы ғана жедел басқару жүйесіне тіркелген. Ал 8 мың камера жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қалған камералар жүйеге қосылса, қылмыстарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары тиімді бола түседі.
БЕКЖАН ҚҰЛАТАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Заң мен тәртіп қағидаты аясында қала прокуратурасы, Полиция департаменті және «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бизнес субъектілерінің сыртқы бейнекамераларын жедел басқару жүйесіне қосу мәселесін талқылап отыр.
ҚАСЫМХАН ЖАКИПОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Көңіл көтеру орындары, кафе және түнгі клубтардағы камераларды, соның ішінде ішкі бейнебақылау жүйелерін де қосу маңызды. Ішкі кеңістікте болып жатқан жағдайлар кейде қиындық туғызады.
Кәсіпкерлердің басым бөлігі бұл жобаны қолдап отыр. Олар қаладағы қоғамдық қауіпсіздіктің маңызын жақсы түсінеді. Кейбір кәсіпкерлер өз нысандарының ішіндегі камераларды да жедел басқару жүйесіне қосуға қарсы емес. Бұл жоба бизнес нысандарының қауіпсіздігін де арттыруға мүмкіндік береді.
БАҚЫТКҮЛ МҰСАБЕКОВА, КӘСІПКЕР
Бұл «Shym Safe» жобасы өте өзекті. Қазіргі таңда қоғамдық қауіпсіздік мәселесі баршаға ортақ. Сондықтан да мұндай жобалардың қажеттілігі жоғары.
Кәсіпкерлік нысандардағы бейнебақылау камераларын ортақ жүйеге қосуды «Қазақтелеком» АҚ-ның мегаполистегі өкілдері жүзеге асырады. Компания қызметін пайдаланатын нысандарға екі камера тегін орнатылады. Баяндамалардан кейін жиын еркін форматта жалғасты. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Сонымен қатар бизнес өкілдері сапалы интернет желісінің маңызын да атап өтті.
МҰРАТ ЖҰМАБЕКОВ, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ ШҚФ «КОРПОРАТИВТІК САТУ» БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Шымкент қаласында қамтылмай жатқан кейбір аймақтар бар. 2028 жылға дейін оларды толық қамтуды жоспарлап отырмыз.
Жиын соңында құзырлы орган өкілдері мен кәсіпкерлер ортақ келісімге келді. Алдағы уақытта бизнес нысандарындағы бейнебақылау камералары кезең-кезеңімен жедел басқару жүйесіне қосылады. Осылайша қаладағы қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Басты мақсат – мегаполистегі тәртіпті нығайтып, қоғамның қауіпсіздігін арттыру.