Әуезов университетінде «Study in Kazakhstan» республикалық білім беру көрмесі өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған іс-шараға еліміздің 50-ге жуық жоғары оқу орны қатысып, 10-11 сыныптың 2500-ден астам оқушысы жиналды. Көрме талапкерлерге жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларымен танысып, болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар алуға мүмкіндік бермек.


Ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ талапкерлерді еліміздегі жоғары білім берудің басымдықтарымен және өзекті білім беру бағдарламаларымен жан-жақты таныстыру. Аружан Адылова – 11-сынып оқушысы. Ол ақпараттық технологиялар мамандығын таңдапты. Іс-шара барысында талапкер тек оқу орындары туралы ақпарат алып қана қоймай, мамандық таңдауға қатысты кеңестерге де ие болды.


АРУЖАН АДЫЛОВА, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ
 «Алдыңғы жылы да келгенбіз. Осы жылы да келдік. Көп ақпарат аламыз. Мұнда атмосфера күшті. Өзіміздің мектеп бітіріп жатқанымызды сезініп кетеміз. Халықаралық көліктік гуманитарлық университеті туралы білмеген екенмін. Енді білдім. 50 балмен де түсуге болатынын, қандай мүмкіндіктер бар екенін. Өзім Алматы қаласынан университеттер қарастырып жатырмын.»


 Ал Зере Жаппар халықаралық қатынастар мамандығын таңдапты. Ол мұндай көрмелердің бітіруші түлектер үшін көмегі зор екенін айтады. Себебі қайда, қандай мамандыққа оқуға түсемін деп жүрген жастар үшін бағыт-бағдар беретін таптырмас алаң дейді.


ЗЕРЕ ЖАППАР, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ
«Әр университет өз мамандықтарын, өз шекті балдарын, қалай түсуге болады, қандай көмек бар екенін және әр мамандық бойынша кім болып жұмыс істеуге болатынын түсіндіріп жатыр. Былай айтқанда, барлық мүмкіндіктерін таныстырып жатыр. Болашақта мен халықаралық қатынастар мамандығына түспекшімін. Оның таңдау пәні – бейіндік пәндер мен дүниежүзі тарихы, ағылшын тілі. Ол пәннің балы жоғары болғанымен, әр оқыған адам өзі қалаған оқу орнына түсіп кете алады деп айта аламын.»


Білім көрмесіне еліміздің 50-ге жуық жоғары оқу орны қатысты. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі оқу орындарының филиалдары бас қосып, жастарға сапалы білім алудың жаңа жолдарын ұсынды. Қарағанды техникалық университеті «Серпін» бағдарламасымен түрлі мамандықтарға қабылдайды.


НҰРЛАН АЙТБАЕВ, Ә. САҒЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАРКЕТИНГ ЖӘНЕ PR ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
 «Еліміздің білімді, дарынды жастары үшін оңтүстік өңірде “Серпін” бағдарламасы бар. Яғни, ауылдан шыққан білімді жастарға осы бағдарлама арқылы, былай айтқанда, 50 балмен грантқа түсу мүмкіндігі өте жоғары. Білім көрмесінің басты мақсаты – ата-аналармен, мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен тікелей танысу арқылы университеттің барлық мүмкіндіктерін көрсету. Университет қабырғасында магистратура, докторантура бойынша дайындау, одан бөлек әскери кафедраға мемлекеттік грантқа түсу мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықпен білім алу мүмкіндіктері бар.»


 Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, сондай-ақ тәжірибелі педагог-профориентологтар қатысып, талапкерлерге кәсіби бағдар беру бағытында кеңес берді.


 РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
 «Негізгі мақсаты – сіздерді Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік ЖОО филиалдарымен таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылып отыр. Бүгін Шымкент қаласына 50-ден астам қазақстандық ЖОО келіп отыр. Бұл жерде тек шетелдік оқу орындарының филиалдары емес, өзіміздің отандық оқу орындары да қатысып отыр. 2024 жылы Қазақстанда 8 мыңға жуық мектепті 186 мың түлек бітірсе, былтыр бұл көрсеткіш 217 мыңға жеткен болатын. Биыл Қазақстандағы мектеп түлектерінің саны 232 мыңға жетіп отыр.»


 Айта кетейік, «Study in Kazakhstan» республикалық білім беру көрмесі 7 сәуір күні Астана қаласынан бастау алған. Жоба еліміздің 14 қаласын қамтып, 24–25 сәуір күндері Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында қорытындыланатын болады.