«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» байқауы қорытындыланды. Студенттер арасында өткен сайысқа 6 жоғары оқу орны қатысты. Университетішілік іріктеуден мүдірмей өткен үздік алты жұп өзара сынға түсіп, кім мықты екенін анықтады.
Қатысушылар өздерін әуезді ән арқылы таныстырды. Келесі кезең – сұрақ-жауап. Онда студенттер салт-дәстүр, ұлттық мәдениет және жөн-жоралғыларға қатысты сауалдарға жауап берді.
Жарыстың әділ әрі ашық өтуі үшін әділ қазылар алқасы қатысушыларды бірден бағалап отырды. Дегенмен басты төреші – көрермен. Кеш соңында көрермендер өздеріне ұнаған жұпқа әлеуметтік желі арқылы дауыс берді.
РАХАТ ҚАРСАНБЕК, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Сый-сияпат ақшалай. Бірінші орынға – 100 мың, екінші орынға – 70 мың, үшінші орынға – 50 мың. Сонымен қатар Ташкентке 2 жолдама бар»
Ұйымдастырушылар ұлттық құндылықтарға басымдық берген. Байқау қазақы нақыштағы дефиле көрмесіне ұласты. Ал ақтық сын – өз өнерін көрсету кезеңі болды. Мұнда студенттер бір-біріне ұқсамайтын ерекше таланттарын паш етті. Осылайша олар ақыл-білім, сыр-сымбат және өнер-ғылым қырынан көрініп, қазақ жастарының зерек әрі озық ойлы екенін дәлелдеді.
АИДА МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
«Бұл жарысқа біз бір апта дайындалдық. Университетішілік іріктеуден топ жарып, бас жүлде алып келіп отырмыз»
ХАЙДАР БОЙЫНБАЕВ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
«Бізге студенттер мен университет ұжымы дизайн және өнер жағынан көмектесті»
Сайыс соңында жалпы ұпай қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар студенттер арасындағы ұйымшылдықты арттырып, бірлікті нығайтуға ықпал етеді.