Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасын іске асырып жатқан инвесторлармен кездесті. Жиында жобалардың орындалу барысы және алдағы жоспарлар талқыланды.


Аталған жоба – өңірдегі ең ауқымды өнеркәсіптік бастамалардың бірі. Жалпы құны 146,6 млрд теңгені құрайтын кешен мақтаны өсіруден бастап, оны өңдеп, дайын тоқыма және тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Жоба толық іске қосылғанда 4 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өнімділік бір гектардан 60 центнерге дейін жетеді. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясы ретінде тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 100,1 млрд теңгені құрайтын 5 ірі жоба пайдалануға берілді. Бұл жобалар аясында 1760 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа мақта егу жобасы жүзеге асырылып, өңірдегі агроөнеркәсіптік және жеңіл өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай серпін берді. Жыл соңына дейін жалпы құны 46,5 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Инвесторлар өз кезегінде жобалардың жүзеге асу барысы туралы баяндап, ұсыныстарын жеткізді. Негізгі мәселелердің бірі – жұмыс күші тапшылығы. Осыған байланысты өңір басшысы жауапты тұлғаларға жергілікті колледждер түлектерін жұмысқа тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мамандарды тегін оқыту үшін әкімдік тарапынан гранттар бөлінеді.