23 сәуір – кітап пен білімнің қадірін арттыратын ерекше күн. Бұл күн – кітапқа жанашыр жандардың, білім мен мәдениеттің сақтаушылары – кітапханашылардың мерекесі. Сонымен қатар, бұл – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, кітапқа деген сүйіспеншілікті дәріптейтін Ұлттық кітап күні. Айтулы датаға орай Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында ерекше кеш ұйымдастырылды.


АНЭЛЬ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ
Кітап – сарқылмас қазына, рухани байлықтың қайнар көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күнін бекітіп, кітап оқу мәдениетін дамытуға айрықша мән берген. Осыған орай биыл Шымкент қаласында кең ауқымды апталық бастау алды.


Апталық аясында қаладағы бірнеше мәдениет және кітапхана нысандарында күн сайын түрлі танымдық, әдеби және рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Оқырмандармен кездесулер, кітап көрмелері, әдеби кештер, шеберлік сағаттары мен жас буынға арналған арнайы жобалар жоспарланған.


 Мерекелік апталықтың салтанатты ашылуы Пушкин атындағы кітапхана ғимаратында өтті. Шараның мақсаты – қоғамда кітаптың маңызын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және кітапханалардың рухани орталық ретіндегі рөлін күшейту.