Шымкент қаласындағы онкология орталығының базасына бұрын-соңды болмаған заманауи құрылғылар іске қосылды. Жаңа үлгідегі МРТ және КТ кабинеттері қатерлі ауруларды ерте анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді.


Жаңа МРТ аппараты 220 келіге дейінгі науқастарды қабылдауға қабілетті. Дәрігерлердің айтуынша, бұған дейін салмағы 120 келіден асатын пациенттер Алматы мен Астанаға баруға мәжбүр болатын. Енді мұндай жоғары мүмкіндігі бар озық құрылғы үшінші мегаполисте де қолжетімді.


ТАЛҒАТ ҚҰРМАНОВ, ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАР КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫ
«Түркия, Корея, Үндістанға бармай-ақ өзімізде де осындай диагностика жасатуға болады. Әр миллиметрді көріп, қандай мәселе екенін нақты анықтауға мүмкіндік бар»


Мамандардың айтуынша, қос құрылғының қуаты мен мүмкіндігі жоғары. Бұрынғы аппараттармен салыстырғанда науқастарды тексеру және көзге байқала бермейтін ауруларды анықтау деңгейі айтарлықтай артқан. Орталық ұжымы жаңа аппараттар орнатылған екі бөлменің салтанатты лентасын қиып, жұмысын бастады. Іс-шараға Мәскеуден келген дәрігер де қатысып, құрылғының мүмкіндігіне жоғары баға берді.


АЛЕКСАНДР ЖАУҒАШЕВ, МӘСКЕУЛІК ДӘРІГЕР
«Иә, құрылғының мүмкіндігі жоғары, заманауи. Шетелдік әріптес ретінде айтар болсам, бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейдегі үздік аппараттардың бірі. Бұл Қазақстан медицинасын дамытуға үлкен жол ашады деп сенемін»