Биыл Қазақстан үшін ерекше мәні бар жыл. Еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігінің символына айналған Ордабасы құрылтайына 300 жыл толып отыр. Осыған орай мегаполисте «Ұлы даладағы бірлік идеясы: Ордабасы құрылтайының тарихи маңызы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Ордабасы құрылтайының 300 жылдығы – қазақ халқының бірлігі мен тәуелсіздігі үшін маңызды тарихи белесті айшықтайтын мерейтой. 1726 жылы Бадам өзенінің бойындағы Ордабасы тауында үш жүздің өкілдері бас қосып, жоңғар басқыншылығына қарсы бірігу туралы тарихи шешім қабылдаған. Бұл құрылтай ұлттық тұтастық пен рухтың нышанына айналды.


 БАРШАГҮЛ ИСАБЕК, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ
Қазақтың билері, батырлары, хандары бүкіл әскерді біріктіріп, қолбасшылыққа Әбілқайырды сайлаған. Үш бидің басын қосқан осы жиын – бірліктің бастауы болды. Конференцияның мақсаты – Ордабасы кездесуінің маңызын өскелең ұрпаққа жеткізу.

1993 жылы Ордабасы тауында қазақтың үш биі – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биді еске алуға арналған халықаралық жиын өткен болатын. Бұл шара жаңадан тәуелсіздік алған Орталық Азия елдерінің ынтымағын арттыруға бағытталды. Ұлы басқосуға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары қатысып, ортақ мәмілеге келген. Жиынға жиырмаға жуық елден қонақтар және барлық өңірлерден мыңдаған адам қатысты. Ордабасы құрылтайы қазақ үшін ынтымақ пен бірліктің символы саналады.


БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Ордабасы тауындағы бірлік бүкіл Қазақстанға символ болып қалуы керек. Қиын-қыстау кезеңдерде Ордабасыға жиналудың маңызы өте жоғары.

Республикалық ғылыми-теориялық конференцияға келген ғалымдар мінберге шығып, сөз сөйлеп, жиынның маңызын жан-жақты талқылады. Ынтымақ пен бірліктің берекелі тірлікке ұласатынын тарихи деректермен дәйектеп баяндама жасады. Ордабасы құрылтайының 300 жылдығы еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралармен жалғасын табады.