Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінде» алқалы кеңес өтті. Жиынның мақсаты – қолданыстағы заң талаптарының, сондай-ақ өндірістегі техникалық және өрт қауіпсіздігінің сақталуын, әлеуметтік-еңбек қатынастарын саралау, жұмыс жағдайын талдау.


 Кеңеске қатысушылар алдымен өндіріс кешенін аралап, жұмысшылармен пікірлесті. Алқаптарда орналасқан базалардың санитарлық-тұрмыстық ахуалын тексерді. Қазіргі таңда өндірістік кешеннің мақта алқабы 16 секторға бөлінген. Әр секторда жұмысшылар үшін жатын орын мен асханалар жасақталған. Зауыт аймағында жатақхананың 4 ғимараты қолданысқа берілген. Жұмысшылар 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Алқалы басқосуда экологиялық тұрақтылық пен топырақтың жай-күйі талқыланды. Нұрбол Тұрашбеков өрт қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аудару қажеттігін ескертті. Талқылау қорытындысымен нақты тапсырмалар белгіленді. Инвестициялық жобалар қызметінің заңға сәйкес атқарылуы ай сайын өтетін кеңес отырыстарында тұрақты қаралатын болып келісілді.