Берілген уәде артығымен орындалған. Бұл – «AMANAT» партиясының атқарған жұмысы. Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде болып, ақжолтай жаңалықты жариялады. Ол оқу ордасында студент жастармен және оқытушы-профессорлық құраммен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Бахадыр Нарымбетов «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Шымкент қаласында жүзеге асырылу барысы туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, бағдарлама аясында жоспарланған жобалар қарқынды орындалып, бірқатар бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, білім беру саласында жоспарланған 25 мектептің орнына 45 жаңа мектеп салынды, сондай-ақ 25 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Бұл қаладағы білім инфрақұрылымын нығайтып, оқушыларға сапалы білім алуға кең мүмкіндік берді.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Атқарылған игі істер өте көп. Соның бірі – студенттерге қатысты. Біздің сайлауалды бағдарламамызда 600 орындық жаңа жатақханалар салынады деген едік. Үш жылдың ішінде 5 жатақхана салынды, жалпы 1956 орын пайдалануға берілді.
Ашық форматта өткен басқосу жастармен тікелей байланыс орнатуға және олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға бағытталған маңызды алаң болды. Бүгінде аталған жоғары оқу орнында 13 мыңнан астам студент білім алуда. Университет бакалавриаттың 34, магистратураның 13 және докторантураның 3 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлап келеді. Оқу орны өңірдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға елеулі үлес қосуда.
БЕРІК САДЫҚОВ, АКАДЕМИК Ә. ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ
Атқарушы билік тарапынан партиямен бірлесіп атқарылған жұмыстардың сабақтастығы – нәтижелі жұмыстың көрінісі. Бүгінгі кездесу өте маңызды болды. Оқытушы-профессорлық құрамның ұсыныстары мен сұрақтарына мәслихат төрағасы нақты жауап берді.
Жиын барысында студенттер мен оқытушылар тарапынан білім беру сапасы, жұмыспен қамту, экономикалық даму және қаланың әлеуметтік-мәдени келешегіне қатысты бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Ашық диалог форматында өткен кездесу барысында көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатыны жеткізілді.