Шымкентте жастар арасында құқық бұзушылық өршіп тұр. Жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 100-ге жуық жайт тіркелген. Ал алаяқтық қылмыс 32 пайызға өсіп отыр. 2023 жылдан бері ұсталған азаматтарының 42 пайызы темір торға жабылған, олардың дені 30 жасқа дейінгілер.
Жастар ресурстық орталығында Заң мен тәртіп қағидаты аясында «Заң қоғамның қорғаны» атты кездесу өтті. Іс-шараға 400-ге жуық жас қатысып, қоғамдағы өзекті құқықтық мәселелер бойынша ашық пікір алмасты.
МАНСАР ОРЫНХАН, «МИЛЛИОН» ЖАЙДАРМАН КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ, БЛОГЕР
Жалпы интернет алаяқтарға көбінесе үлкендер алданып қалуы мүмкін. Өйткені жастардың көзі ашық қой. Бірақ жастар жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Сол себепті, менің ойымша, осындай жағдайлар орын алып жатыр. Жеңіл жолмен ақша табамын деп оңай жұмыстарға барады. Осындай оқиғаларды естігенде қатты аяп кетемін. Бәрібір еңбектеніп, адал ақша тапқанға жетпейді деп ойлаймын.
Полиция департаменті жыл басынан бері есірткіге қатысты 100-ге жуық құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде ірі және аса ірі көлемдегі тыйым салынған заттар тәркіленген. Сондай-ақ 2025 жылы есірткі жарнамалайтын 2 мыңға жуық сайт бұғатталған.
БАУЫРЖАН КАРБЕКОВ, ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Жастар арасында есірткіні интернет арқылы тарату, яғни закладчик, курьер сияқты әрекеттерге тарту деректері анықталуда. Осы жылдың өзінде оннан астам осындай жайт тіркелді. Әлеуметтік желілерде есірткі қылмысына тартатын парақшалар анықталып, бұғатталуда. Өткен жылы 2 мыңға жуық сайт бұғатталса, биыл 500-ге жуық ресурс жабылды.
Ал Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері бүгінде оңай жолмен ақша тауып, бәс тігіп, құмар ойын мен қаржылық пирамидаларға құныққан жастардың саны артып келе жатқанын айтады. Бұл көрсеткіш бойынша өңірлер арасында Шымкент алдыңғы қатарда тұр.
ДӘУРЕН ТҰРҒЫНБАЙ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ
Экономикалық тергеу саласында жастар деп бөлек қаралмайды. Дегенмен, жыл басынан бері алаяқтық бойынша 12 дерек тіркелді. Жалпы бірінші тоқсан қорытындысымен 31 қылмыс анықталса, соның 30 пайыздан астамы алаяқтыққа қатысты.
Жиында спикерлер заң талаптарын сақтау, қаржылық алаяқтықтың алдын алу, есірткі қылмысының қоғамға зияны және жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін кеңінен түсіндірді. Жастар өз ой-пікірлерін ашық білдіріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.