«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 35748 әскери бөлімінде ардагерлер, ата-аналар және қала мектептерінің 10–11 сынып оқушылары үшін Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, сондай-ақ оқушыларды әскери қызметшілердің өмірі мен тұрмыс-тіршілігімен таныстыру. Қонақтарды салтанатты қарсы алу бақылау-өткізу пунктінен басталып, оларды бөлім басшылығы қарсы алды. Офицерлер мен сержанттар келушілерге бригаданың даңқты тарихы мен Отан қорғаушылардың талай буыны өткен ерлік жолы туралы баяндап берді. Қонақтар үшін мазмұнды экскурсия ұйымдастырылып, оның барысында казарма, оқу сыныптары, демалыс және бос уақыт өткізу бөлмелері көрсетілді. Сонымен қатар келушілерге тәрбиелік жұмысты ұйымдастыру, әскери тәртіпті сақтау және қару-жарақпен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат берілді. Оқушылар әскери экспонаттарды қызығушылықпен тамашалап қана қоймай, қаруды қолмен ұстап көру мүмкіндігіне де ие болды. Жас қонақтардың ерекше қызығушылығын өткен күзде әскерге шақырылған мерзімді қызмет сарбаздарымен өткен әңгіме өрбітті. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әскери өмірге бейімделу, алғашқы атыстар және ант қабылдау сәттері туралы әңгімеледі.
АҚЗЕРЕ АСАНОВА, ОҚУШЫ
Бүгінгі экскурсия маған өте ұнады. Әскери өмірмен жақын танысқаннан кейін менде де осы жолды таңдауға деген қызығушылық пайда болды. Болашақта Отан қорғаушы болуды қалаймын.