Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде еліміздің жоғары оқу орындары мен шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қатысуымен «Study in Kazakhstan» атты көрме өтті. Мектеп оқушылары үшін маңызды шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды. Аталған іс-шараға университет пен Түркістан облысының білім басқармасы қолдау көрсетті.


 «Study in Kazakhstan» көрмесінің мақсаты – қазақстандық талапкерлерге елімізде халықаралық стандарттарға сай диплом алу мүмкіндігін ұсыну. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарындағы мамандықтармен таныстырып, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беру.


Түркістан облысы – еліміздің ең жас әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Бүгінде облыста 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың ішінде жыл сайын шамамен 35 мың түлек мектеп бітіреді. Бұл тек статистика емес, бұл – 35 мың тағдыр, 35 мың таңдау және 35 мың мүмкіндік. Өткен жылы 34 мың түлек мектеп бітіріп, олардың 20 мыңнан астамы жоғары оқу орындарына түсті.


 Көрме барысында педагог-профориентолог мамандар оқушыларға кәсіби бағдар беру бойынша кеңес берді. Жалпы, бұл алаңда 60-тан астам отандық жоғары оқу орны мен халықаралық деңгейдегі оқу орындарының филиалдары бас қосып, жастарға сапалы білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынды. Мектеп оқушылары, бітіруші түлектер, ұстаздар мен ата-аналар жоғары оқу орындары туралы толық ақпарат алып, талапкерлерге қойылатын талаптармен танысты.