Шымкентте «ORDA UNION» балалар футбол клубы ашылды. Жаңа мектеп үлкен футболға жол ашпақ. Өйткені жоба Ордабасы футбол клубымен бірлісіп іске асады.


Бір ай бұрын негізі қаланған «ORDA UNION» балалар футбол клубы бүгін ресми түрде ашылды. Клуб 6–10 жас аралығындағы балаларды кәсіби спортқа баулып, болашақ футболшыларды даярлауды мақсат етеді. Қазіргі таңда мектепке 100-ге жуық жас спортшы тіркелген.


 ЖОМАРТ ЕЛЕУСІЗОВ, «ORDA UNION» ФК НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Бүгінгі қуанышты сәттің куәгері болып отырмыз. Біздің мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдерге футболды кәсіби деңгейде үйрету және олардың денсаулығын нығайту. «ORDA UNION»-ның ашылғанына бір ай болды. Біз Шымкенттің сүйікті командасы «Ордабасы» футбол клубымен бірлесіп, франшиза келісімін ресми түрде алып, жұмысымызды бастап жатырмыз.


Салтанатты рәсім барысында «Ордабасы» футбол клубының вице-президенті мен президент кеңесшісі жаңа мектептің қызыл лентасын қиды. Олардың айтуынша, балалар футбол клубының болашағы зор. Мұнда кәсіби және тәжірибелі бапкерлер жаттықтырады. Сондай-ақ әр баламен жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар.


ЕРМҰХАМЕД МӘУЛЕН, «ОРДАБАСЫ» ФК ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
7 жаста баланың таланты ашылмауы мүмкін, ол 11–14 жас аралығында айқын көрінуі ықтимал. Әр баланың дамуы әртүрлі. Сондықтан талантты балалардың басқа клубтарға кетіп қалмауы үшін «ORDA UNION» жобасын іске асырып отырмыз. Егер үздік нәтиже көрсетсе, олар міндетті түрде «Ордабасы» ФК қатарына қабылданады. Біздің басты мақсатымыз – талантты балаларды өз командамызда дамыту.


 Футбол клубының ашылуына орай балалар командалары арасында жарыс ұйымдастырылды. Ойын барысында үздік өнер көрсеткен жас спортшылар марапатталды.