Шымкенттік «Ордабасы» өз алаңында Көкшетаулық «Оқжетпесті» қабылдап, 2–1 есебімен басым түсті. Матчты 17 мыңға жуық жанкүйер тамашалап, жергілікті клубқа қолдау көрсетті.


Ойынды жоғары қарқынмен бастаған шымкенттіктер ә дегеннен-ақ қысым көрсетіп, жиі шабуыл ұйымдастырды. Алайда қақпаға бағытталған соққылардың көбі қиыс кетіп, есеп өзгеріссіз қалды. Тек екінші таймның 65-минутында бұрыштан көтерілген допты команда капитаны Сергей Малый тиімді пайдаланып, есеп ашты. Қарсылас та қарымта шабуылдар ұйымдастырып, таразы басын теңестірді. Нәтижесінде 90-минутта айып соққысынан кейін соғылған гол есепті теңестірді. Дегенмен екі минуттан соң «Ордабасы» қайта алға шықты. Гол авторы - клуб түлегі Мағжан Тоқтыбай.


ЕРКІНБЕК ЕРМЕКБАЙҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Өте қуаныштымын. «Ордабасы» бүгін өз жеңісімен жанкүйерлерді қуантты.


Сарапшылардың айтуынша, шымкенттіктердің футболға деген қызығушылығы мен жанкүйерлік мәдениеті жоғары. Мұны стадионға жиналған қолдаушылардың бірлігі мен ұйымшылдығынан байқауға болады. 90 минут бойы олар жергілікті клубқа дем беріп отырды. Футболшылар да жанкүйерлер қолдауын айқын сезінетінін айтады.


 МИХАЙ КЭПЭЦЫНЭ, «ОРДАБАСЫ» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ
Иә, әр ойын сайын стадион лық толып, ине шаншар орын қалмайды. Біз жанкүйерлердің қолдауын айқын сезінеміз. Ол бізді жігерлендіріп, жеңіске деген құлшынысты одан сайын арттырады.


Кезекті жеңістен соң «Ордабасы» турнирлік кестеде екі саты жоғарылап, екінші орынға көтерілді. Енді шымкенттік футболшылар 25 сәуір күні петропавлдық «Қызыл-Жарға» қарсы ойын өткізеді.