Мақтаарал ауданында биылғы көктемгі дала жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. Мақта егу науқаны басталып, негізгі аграрлық дақылдың себу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 1494 гектар алқапқа мақта шиті егілді.
Мақтаарал ауданында 60 мың гектардан астам егістік жер бар. Бүгінгі күнге дейін оның 20 мың гектарға жуығы тырмаланып, 14 мың гектары өңделіп, мақта егуге толық дайындалған. Ауа райының қолайлы болуына байланысты егіс жұмыстары алдағы күндері қарқын ала түседі деп күтілуде.
Ауданда озық агротехнологияларды енгізу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Дәстүрлі әдісте бір гектарға шамамен 25 келі мақта шиті себілсе, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш 40 келіге дейін жетеді. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл өнімділікті екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су мен тыңайтқышты тиімді пайдалануға да оң әсер етеді. Мақтадан бөлек, аудан диқандары өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде белсенділік танытып отыр.
Бүгінгі таңда 571 гектарға қырыққабат, 640 гектарға дәнді-бұршақты дақылдар, 610 гектарға жүгері мен арпа, 30 гектарға маш, 95 гектарға сүрлемдік жүгері, сондай-ақ 4947 гектарға бақша дақылдары егілген. Жалпы, Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары белгіленген агротехникалық талаптарға сай жүргізілуде. Жаңа технологияларды енгізу мен егіс алқаптарын әртараптандыру ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.