Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «TAGYLYM» ғылыми жобалар конкурсының аймақтық кезеңі Шымкент қаласындағы Абай атындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде сәтті өтті. Аталған конкурс оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға, инновациялық ойлау қабілетін арттыруға және заманауи технологияларға қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған.
Биылғы байқау «Жасанды интеллект» тақырыбы аясында ұйымдастырылып, мазмұны мен өзектілігімен ерекшеленді. Қатысушылар жасанды интеллект технологияларын түрлі салаларда қолдануға арналған тың жобаларын ұсынып, өздерінің шығармашылық және ғылыми әлеуетін көрсетті.
Аймақтық кезеңге барлығы 165 ғылыми жоба ұсынылып, 320 оқушы қатысты. Қатысушылар өздері дайындаған инновациялық жобаларын қорғап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болуға тырысты. Конкурс қорытындысы бойынша үздік деп танылған жобалар республикалық кезеңге жолдама алды. Ал жеңімпаздар алдағы уақытта халықаралық деңгейде өтетін робототехника олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл — жас өнертапқыштарға өз жобаларын әлемдік деңгейде таныстырып, Қазақстан атынан инновациялық бастамаларын ұсынуға үлкен мүмкіндік. «TAGYLYM» ғылыми жобалар конкурсы жас ғалымдардың жаңа буынын қалыптастыруға және еліміздің ғылыми әлеуетін дамытуға өз үлесін қосып келеді.