Шымкент цифрландыру көрсеткіші бойынша елімізде үздік үштік қатарында. Яғни, Smart City көрсеткіші 76 пайыздан 82 пайызға дейін өскен. Мегаполисте IT жобалар да кең қанат жайып келеді. Былтыр 160 іс-шара өткізіліп, оған 3 мыңнан астам азамат қатысқан. 7 стартап өз жұмысын бастап, өнертапқыштардың да саны артқан.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Шымкентте ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, өткен айда Digital Nauryz форумы өтті. Он күнге созылған IT жобада түрлі инновациялық бастамалар таныстырылды. Ізін ала Digital Qazaqstan халықаралық форумы өтіп, оған 6 мың адам қатысты. Жүз елуден астам спикер өз тәжірибесімен бөлісіп, 54 сессия ұйымдастырылды. Жиын аясында 11 меморандум жасалып, 36 стартап көптің назарына ұсынылды.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл – халықаралық деңгейде өткен іс-шара. Онда стартаптар аллеясы болды, IT компаниялар да өз көрмелерін ұйымдастырды.
Мұхит Кемеловтың айтуынша, қаладағы цифрлық инфрақұрылым тұрақты дамып келеді. Бүгінде шаһарда 3 100 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ 5 әуе дроны арқылы 350-ден астам мониторинг жүргізілген. 161 мектеп 100 Мбиттік интернет желісіне қосылған. 38 қоғамдық орынға 20 Мбиттік Wi-Fi желісі орнатылған. Мегаполистегі интернет сапасы төмен осал аймақтар да азайып келеді. 2023 жылдан бері мұндай аймақтар саны 147-ден 8-ге дейін қысқарған.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
1400-ден 1700-ге дейін базалық станциялар жеткізілді. Бұл өз кезегінде интернет сапасын арттырып, 147 осал аймақты 8-ге дейін азайтуға мүмкіндік берді.
Баспасөз отырысы сұрақ-жауап форматында жалғасты. Басқарма басшысы журналистердің сауалдарына толыққанды жауап берді.