Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 66-сы табиғи газбен толық қамтылған. Былтыр 10 елді мекенде газ жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, 22 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, Тассай елді мекеніндегі ұзаққа созылған газ құрылысы аяқталып, қамту деңгейі 98 пайызға жетті. Бұл туралы қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Газ желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Пергам» типті жылжымалы диагностикалық қондырғы сатып алынған. Оның көмегімен 107 шақырым газ құбыры тексеріліп, 45 ақау анықталып, толық жойылды. Жылумен қамтамасыз ету саласында да жаңа технологиялар енгізілуде. Құбырішілік диагностика әдісі арқылы жылу желілерінің техникалық жағдайы бағаланып, жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік берілуде.
АЗАТ ҚАЙНАРҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осы техникамен біз 107 шақырым газ құбырын тексердік. 67 нысанды диагностикаладық. 45 ақау анықталып, жойылды.
Қаладағы 81 елді мекеннің барлығы дерлік ауыз су және электр энергиясымен толық қамтылған. Былтыр Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран шағын аудандарын ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, демеушілер есебінен 32 шақырым су құбыры тартылып, Текесу мен Айкөл елді мекендері орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Нәтижесінде 11 мың тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізіп, қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Электрмен жабдықтау саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Қаладағы барлық 81 елді мекен толық электр қуатымен қамтылған. 2025 жылы 7 елді мекенде электр желілері жаңартылып, Ақжар, Бадам және Тұран қосалқы стансаларының құрылысы жүргізілді.
Баспасөз отырысы сұрақ-жауап форматында жалғасып, Азат Қайнарұлы журналистердің сауалдарына жауап берді.