Әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті. Ақын биыл 84 жасқа толар еді.


Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әйгілі ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың өмірден өтуіне байланысты отбасына, туған-туыстарына және барша қазақ жұртына қайғыра көңіл айтады. Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, трактордың тіркеушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы сынды қызметтер атқарған. Ол КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Халық депутаты болды. 1993–2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 2003–2004 жылдары «Жалын» журналының бас редакторы, «XXI ғасыр және Руханият» халықаралық элита клубының президенті болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ақын көптеген жыр жинақтары мен халық арасына кең тараған ән мәтіндерінің авторы.