Шымкент қаласында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты бойынша финалдық кезең өтті. Аталған іс-шара мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және олардың зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.


Қатысушылардың бірі – Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Берік Натбай. Ол таңдалған кітаптардың мазмұндық тұрғыдан сапалы іріктелгенін атап өтті. Оның айтуынша, 15 кітап толық оқылып шыққан.


БЕРІК НАТБАЙ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Әріптестерімізбен бірге 15 кітаптың бәрін оқып шықтық. Бұл бастама өте маңызды деп ойлаймын. Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан жоба.


 Іріктеу кезеңдерінің нәтижесінде финалға өткен 24 мемлекеттік қызметші арнайы бекітілген 15 кітап негізінде тестілеу форматында бақ сынады. Тестілеу барысында қатысушылардың әдебиеттерді меңгеру деңгейі, мазмұнын түсіну және талдау қабілеттері бағаланды.


 ДӘУЛЕТ ҚОЖАМБЕКОВ, «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫНЫҢ ӨКІЛІ
Бұл байқау қыркүйек айында Шымкентте бастау алды. Жоба 6 бағытта жұмыс істейді. «Кітап оқитын мектеп», «кітап оқитын әулет», «кітап оқитын педагог» сияқты санаттар бойынша байқаулар өтуде. Әр санатта 15 кітап оқу міндеттелген.


 Айтпақшы, осы күні «Кітап оқитын университет» байқауының екінші кезеңі өтті. Алғашқы кезеңде тестілеуден сүрінбей өткен қатысушылар енді пікірсайыс арқылы өзара мықтыларын анықтайды.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ
Жалпы дайындық үшін студенттерге тақырыптар берілген. Бірінші кезеңде кітап оқығандар тест тапсырды. Екінші кезеңге жолдама алғандар пікірсайыста өзара үздіктерді анықтайды.


Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде дамыту көзделіп отыр.