Еріктілер еліміздегі көптеген игі шараларға белсене атсалысып келеді. Мегаполис жастары да ортақ іске жұмылып, белсенділік танытуда. «Халықаралық волонтерлер жылы – 2026» аясында жастар бас қосты. Кездесуге 600-ге жуық ерікті қатысып, өзара пікір алмасып, волонтерлік қызметті дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Мақсат Жұман – ОҚМА-ның 5-курс студенті. Арман қуып қалаға келгелі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Оқу ордасындағы еріктілер командасын бастап жүреді. Бұл жиынға да курстастарымен бірге келіп, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмекті қалай көрсету керектігін түсіндірді.
МАҚСАТ ЖҰМАН, ОҚМА 5-КУРС СТУДЕНТІ
Төтенше жағдай кезінде қандай алғашқы көмек көрсету керектігін достарыма түсіндірдім.
Шараның басты мақсаты – қоғамдағы волонтерлік қызметтің маңызын арттыру, жастарды қайырымдылық пен әлеуметтік белсенділікке тарту, сондай-ақ еріктілер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Кездесу барысында қатысушыларға волонтерлік қызметтің негізгі бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Сонымен қатар жастарға арналған мүмкіндіктер мен бастамалар кеңінен талқыланды.
АЗАМАТ ПАРМАНОВ, ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Шымкент қаласында 17 волонтерлік ұйым бар, олардың 17 мыңдай мүшесі бар. Біздің мақсат – соларға мотивация беру. Атқарылып отырған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша кездесіп жатырмыз. Волонтерлік барлық саланы қамтиды.
Іс-шара аясында бірқатар спикерлер сөз сөйлеп, волонтерлік қызметтің қоғамдағы рөлі мен маңыздылығы туралы өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар волонтерлік жұмыс кезінде ерлік көрсеткен азаматтар да сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар қоғам игілігі жолындағы еңбектері үшін алғыс хаттармен марапатталды.