Түркістан облысының тұмса табиғаты мен тамыры терең тарихы туризмнің дамуына негіз болып отыр. Табиғаттың бар бояуын бойына сіңірген өңірде экотуризм де ерекше дамып келеді. Әлемде сирек кездесетін қырдың қызыл қызғалдағы да осы аймақта өседі. Көктемде небәрі екі апта ғана қауыз жаратын қызғалдақтарды қорғау мақсатында «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалы «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» атты акция ұйымдастырды.
Бастауын Қаратау сілемдерінен алатын Боралдай тауларында қызғалдақтың өте сирек кездесетін 6 түрі өседі. Олардың қатарында қоңыр жолақты Грейг қызғалдағы, нәзік реңді Гауфман және кең таралған Шренк қызғалдағы бар. Ғалымдар бұл аймақты әлемге тараған мәдени қызғалдақтардың түп тамыры деп санайды. Көктемде қызылды-жасылды гүлдермен көмкеріліп, кілемдей құлпырған қыраттар көздің жауын алады. Дегенмен бұл өсімдіктерді жұлуға және таптауға заң жүзінде тыйым салынған.
ӘЙГЕРІМ ТӘЖИЕВА, БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Акцияның мақсаты – жабайы өсетін қызғалдақтарды қорғау. Оны жергілікті халыққа, оқушыларға дәріптеу, биологиялық және экологиялық маңызын түсіндіру. Қазақстанда жалпы 35-ке жуық қызғалдақ түрі кездессе, соның 18-і біздің оңтүстік өңірде өседі.
Табиғат жанашырлары экологиялық шара аясында бұлақтардың көзін ашып, су арналарын тазартты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұл жұмыстар жыл бойы жалғасады. Қорықшылардың айтуынша, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде халықтың табиғатқа деген жанашырлығы артып, экологиялық мәдениет қалыптасып келеді.
БАҚЫТЖАН ҚЫРЫҚБАЙ, «СЫРДАРИЯ-ТҮРКІСТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ӨҢІРЛІК ТАБИҒИ ПАРКІ БОРАЛДАЙ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Көктем басталғаннан бастап, қара күзге дейін бекітілген аумақтарда және қорғау аймақтарында тұрақты жұмыстар жүргіземіз. Елді мекендердегі су көздері де бақылауда. Келушілердің экологиялық мәдениеті де қалыптаса бастады.
Экологиялық акция тау баурайындағы этноауылда жалғасты. Ұлттық парк өңірдегі 14 мектеппен тығыз байланыс орнатқан. Орман сақшылары оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндірді. Жеті жылдан бері дәстүрге айналған акция аясында оқушылар қызғалдақ туралы тың мәліметтерге қанығып, танымдық викториналарға қатысты. Сондай-ақ ұлттық ойындар ойнап, өнер көрсетті.
ҚАЛБИБІ ҚАЛДЫБЕК, ОҚУШЫ
Қызғалдақ – бізге табиғаттың берген сыйы. Сондықтан оны аялап, қорғауымыз керек. Маған бұл іс-шара өте ұнады. Алдағы уақытта да осындай шараларға қатысуға тырысамын.
Қорықшылардың қырағылығының арқасында соңғы жылдары жойылып кету қаупі төнген Қаратау арқарының саны артқан. Сонымен қатар флора мен фауна түрлері көбейген. «Сырдария-Түркістан» табиғи паркі ұйымдастырған бұл бастама қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, кең байтақ өңірдің табиғи байлығын сақтауға да зор үлес қосып отыр.