Күн жылына салысымен мопед тізгіндейтіндердің саны күрт артады. Екі дөңгелекті көлік жүргізушілерінің басым бөлігі – жастар. Олар жол жүру ережесі талаптарын үнемі сақтай бермейді. Нәтижесінде өздеріне де, өзге жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіреді. Осы орайда полиция қызметкерлері «Жас сақшы» және «Жас жол инспекторлары» жобаларының қатысушыларымен арнайы кездесу өткізіп, жасөспірімдер арасында жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


 Жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтау – баршаға ортақ міндет. Әсіресе, жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары маңызды. Олқылықтардың алдын алу мақсатында Тұран ауданы әкімдігі мен қалалық полиция департаменті бірлесіп, жастарға жол жүру ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


БАҚЫТ МЕЛДЕБЕКОВ, ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтамаудың салдары қандай болатыны көрсетілді. Автокөліктер мен мотоциклдер таныстырылды. Белгіленген жерден өту тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасады.


Қазіргі таңда мопед тізгіндейтіндердің басым бөлігі – жастар. Жыл басынан бері 330 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның екеуі мопед жүргізушілеріне қатысты.


 АРМАН ҚАЛДЫБЕКОВ, ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ҮГІТ-НАСИХАТ ТОБЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ
Жол-көлік оқиғалары салдарынан автокөліктер мен адамдардың қандай жағдайда болатыны, денсаулыққа келетін зиян түсіндірілді. Мопедтерге қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта патрульдік полиция полкімен бірлесіп, көліктерді тоқтату, ескерту жасау және заң талаптарын түсіндіру бағытында іс-шаралар өткізу жоспарлануда.


 Іс-шара барысында жол-көлік оқиғалары салдарынан зақымданған автокөліктер мен мопедтер көрнекі түрде көрсетілді. Бұл жастарға жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдарын айқын түсінуге мүмкіндік берді.