Күнделікті күйбеңмен ер азаматтар бала тәрбиесіне мән бере бермейді. Бала болашағы үшін әке тәрбиесінің маңызы зор. Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінде өткен жиында осы мәселе кеңінен талқыланды. Ардагерлер мен аналар кеңесі әке тәрбиесінің маңызын жан-жақты сөз етті.

 Қалалық ардагерлер кеңесінің жоспарына сай мегаполис мектептерінде осындай кездесулер ұйымдастырылуда. Қариялар білім ұяларындағы әкелер мен аналар кеңестерімен бірлесе отырып, бала тәрбиесі бағытында жұмыстар атқаруда. Әл-Фараби ауданының ардагерлер кеңесі бүгінгі жиынды ұйымдастырды.

БАҚЫТБЕК ЕСПЕНБЕТОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ БОЙЫНША АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бағыт-бағдар, жоспар бойынша жастар тәрбиесін қолға алмасақ, кешеуілдеп жатқан жағдай бар. Соны басшылыққа ала отырып, кездесу ұйымдастырып отырмыз.»

 «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер». Үйде ана, мектепте ұстаз тәрбиесі беріледі. Дегенмен, әке қамқорлығы мен ақылына өскелең ұрпақтың зәрулігі байқалады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ардагерлер ауқымды жұмыстар атқаруда.

БАЯН ЖАНДОСОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
«Өзім осындай принцип ұстаймын: әкесіне қарап бала бой түзейді. Сонда сұраймын да, қанша бала әкесімен сырласады деп. 200 бала отырса, екі-үш-ақ бала қол көтереді. Сонда жиналыста отырған азаматтар: “Баян апай, үйге келіп балаларымызбен сөйлесетін болдық”, – дейді.»

 Кездесу барысында балаға дұрыс көңіл бөлу, өскелең ұрпақтың эмоционалдық жағдайын дер кезінде аңғару мәселелері кеңінен талқыланды. Ардагерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ата-аналармен мазмұнды жиын өтті. Әкелер мен аналар кеңесі осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.