Орталық Азия инновациялық университеті игі жобаларға мұрындық болып келеді. Еліміздегі саяси науқанға да белсене атсалысуда. Бұл жолы оқу орнының ұстаздары Өзбекстаннан келген ғалымдармен бас қосып, халықаралық деңгейде Қазақстанның жаңа Конституциясын насихаттады.
Өзбекстаннан арнайы келген ғалым – Амандық Гулимов. Ол Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры. Ғылыми жиында екі елдің ата заңдарындағы экологиялық құқықтарға қатысты баптарға талдау жасалды. Сондай-ақ Орта Азия елдеріне ортақ мәселелер қозғалды.
АМАНДЫҚ ГУЛИМОВ, БЕРДАҚ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ
«Бүгінгі семинарға арнайы презентация дайындап келдім. Өзбекстан және Қазақстан конституцияларындағы адамның экологиялық құқықтарын салыстырдым. Екі елде де бұл бағыттағы нормалар ұқсас.»
Орталық Азия инновациялық университеті Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстандағы жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Оқытушылар шетелдік университеттермен тәжірибе алмасып, студенттер білімін шетелде жетілдіруде. Бұл конференция – соның бір дәлелі.
ЕРЛАН ОҢЛАСЫНОВ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІРІНШІ ПРОРЕКТОРЫ
«Амандық ағамызбен осындай кездесу ұйымдастырып отырмыз. Студенттерге Конституцияда қандай басымдықтар қарастырылғанын түсіндіру маңызды. Бұл – еліміздің даму бағытын айқындайтын негізгі құжат. Жастар оның мәнін терең түсінуі керек.»
Жаңа Конституцияны қабылдау – заңды ұйғарым. Құжат қазіргі заман талаптарына, қоғам сұранысына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына толық сәйкес келеді. Онда «Күшті қоғам – Әділетті мемлекет» қағидаты негізге алынып, Парламенттің рөлі күшейтіліп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі дамытылып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері нақты айқындалған.