Шымкентте сирек кездесетін Мойя-мойя ауруына шалдыққан 41 жастағы әйелге күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жасалды. Қалалық №2 аурухана дәрігерлері инсульт пен мүгедектік қаупінің алдын алып, науқастың өмірін сақтап қалды. Жоғары технологиялы медициналық көмек МӘМС жүйесі арқылы көрсетілді.
Науқас ауруханаға бас ауруы, аяқ-қолдың әлсіздігі мен ұюы, жалпы әлсіздік белгілерімен жүгінген. Тексеру нәтижесінде ортаңғы ми артериясының бітелуі анықталып, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданды. Үш сағатқа созылған операция барысында дәрігерлер миға қан жеткізудің айналма жолын жасап, бітелген тамырдың қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бұл әдіс инсульттің алдын алып, науқастың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасайды. Мамандардың айтуынша, Мойя-мойя – ішкі ұйқы артерияларының тарылуы немесе толық бітелуімен сипатталатын, сирек кездесетін әрі үдемелі дерт. Соның салдарынан ми қан айналымы бұзылып, инсульт қаупі артады. Шымкентте бұл диагноз жылына небәрі 2–3 адамда анықталады. Аурудың нақты себебі белгісіз, алайда ол әсіресе Азия елдері тұрғындары арасында жиі кездеседі. Бүгінде Шымкент қалалық №2 ауруханасының нейрохирургия бөлімінде мұндай жоғары технологиялық оталар тұрақты түрде жасалуда. Бұрын шетелде ғана қолжетімді болған күрделі емдеу әдістері енді ел ішінде қолжетімді болып отыр. Былтырғы жылдың өзінде мұнда 500-ге жуық ота сәтті жасалған.