Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде өрт шықты. Дабыл қағылған сәтте өрт сөндіру қызметінің мамандары оқиға орнына жедел жетті. 8-қабатта орын алған қызыл жалынды сөндіруге 19 бірлік техника мен 86 жеке құрам жұмылдырылды. Сондай-ақ апаттар медицинасы орталығының мамандары, полиция қызметкерлері және жедел жәрдем бригадалары зардап шеккендерге жәрдемдесті. Төтенше жағдайлар қызметі ұйымдастырған өрт-тактикалық оқу-жаттығу жайында әріптесім баяндайды.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Қаладағы ең биік көпқабатты үйлердің бірінде қызыл жалын шықты. Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан «Капитал Сити» тұрғын үй кешенінің 8-қабатынан өрт шықты. Мамандар өрттің шығуына пәтердегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болғанын айтады. Алдымен теледидар өртеніп, кейін қызыл жалын жиһаздарға тараған. Алайда бұл – қалалық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған өрт-тактикалық оқу-жаттығудың сценарийі.
Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жеткен бойда өрт сөндіру штабы мен төрт жауынгерлік учаске құрды. Ғимарат электр желісінен ажыратылып, тұрғындар қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Құтқару бөлімшелері шартты өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстарын жүргізді.
Ғимарат заманауи үлгіде салынғандықтан, өртті ауыздықтауға қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған. Нысан өрт гидранттарымен жабдықталған. Өрт жағдайында автоматты дабыл жүйесі іске қосылып, 101 пультіне хабарлама жолданады.
ДӘУЛЕТ ИСТАМБЕКОВ, БАС ИНЖЕНЕР
Бұл тұрғын үй кешенінде автоматты өрт сөндіру жүйесі қарастырылған. Әр қабатта өрт гидранттары орнатылған. Ғимарат 9 қабатты. Қауіпсіздік талаптары жоғары деңгейде қарастырылған. Өрт шыққан жағдайда дабыл іске қосылып, насос жүйесі автоматты түрде жұмыс істейді. Одан кейін өрт сөндіру қызметі шақырылады.
Департаменттің ресми өкілі көп жағдайда көпқабатты үйлердің аулаларына кіру қиын екенін айтады. Бұған тұрғындардың автокөліктерді рұқсат етілмеген орындарға қоюы себеп болып отыр. Бұл жағдай өрт сөндіру техникасының оқиға орнына дер кезінде жетуіне кедергі келтіреді.
АСҚАР ШӘРІП, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ КАПИТАНЫ
Қазіргі таңда көпқабатты ғимараттардың аулаларында тұрғындар автокөліктерін ыңғайсыз жерлерге қояды. Соның салдарынан ірі өрт сөндіру техникалары кіре алмайтын жағдайлар кездеседі. Бұл бағытта тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өйткені дұрыс қойылмаған автокөліктер өрт сөндірушілердің жұмысына айтарлықтай кедергі келтіреді.
Айта кетейік, қалада жыл басынан бері 76 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 30-ы жеке тұрғын үйлерде, 3-і көпқабатты үйлерде орын алған. Биыл қызыл жалын салдарынан 3 адам қаза тапқан.