Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sauran Solar Power» серіктестігінің басқарма төрағасы Шао Юэбомен кездесті. Тараптар Сауран ауданында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясын салу жобасының іске асырылу барысын талқылады.


Ауқымды инвестициялық жоба аясында тараптар құрылыс жұмыстарының кезеңдері, іске асыру мерзімдері және туындаған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Кездесу барысында әкімдік тарапынан көрсетілетін әкімшілік қолдау, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері жан-жақты қаралды. Жобаның техникалық ерекшеліктеріне сәйкес, электр станциясы заманауи энергия үнемдейтін күн панельдерімен жабдықталады. Жалпы инвестиция көлемі 160 млрд теңгені құрайды. Құрылыс және пайдалану кезеңдерінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұл ретте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелеріне басымдық берілуде. Аталған жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісім аясында іске асырылуда. Жоба 2024–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.